Жалпы талаптар

1. Жол жүрісіне қатысатын көлік құралдарының техникалық жай-күйі мен жабдығы жол жүрісі қауіпсіздігіне және қоршаған ортаны қорғауға қатысты бөлігінде тиісті техникалық регламенттердің, стандарттардың, қағидалардың және оларды техникалық пайдалану жөніндегі нұсқаулықтардың талаптарына сай болуға тиіс.

2. Механикалық көлік құралдары мен тіркемелер «Транзит» тіркеу белгісінің қолданылу мерзімі ішінде не сатып алған немесе кедендік декларациялау сәтінен бастап он тәуліктен кешіктірмей ішкі істер органдарында тіркелуге тиіс.

3. Механикалық көлік құралдарында (трамвайлар мен троллейбустардан басқа) және тіркемелерде көзделген орындарға мемлекеттік тіркеу нөмір белгілері орнатылуға тиіс.

Тіркеу белгілерінің цифрлары мен әріптері жүк автомобильдері, тіркемелер (жеңіл автомобильдер мен мотоциклдерге арналған тіркемелерден басқа) және автобустар шанақтарының артқы қабырғасында қайталануға тиіс.

Цифрлардың биіктігі, кемінде
300 мм
Цифрлардың ені, кемінде
120 мм
Штрих қалыңдығы
30 мм
Әріптердің цифрларға шаққандағы өлшемі
2/3

Трамвайлар мен троллейбустарға тиісті ведомстволар беретін тіркеу нөмірлері салынады.

4. Көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулар туындаған жол-көлік оқиғасы жасалған жағдайда көлік құралы қайталама міндетті техникалық байқаудан өтеді. Ішкі істер органдарының оған уәкілеттік берілген лауазымды адамы көлік құралын міндетті техникалық байқаудан қайта өту үшін жібереді.

Механикалық көлік құралының міндетті техникалық байқаудан өткені механикалық көлік құралдары мен оларға арналған тіркемелердің міндетті техникалық байқауының бірыңғай ақпараттық жүйесінен мәліметтерді сұрату арқылы жүзеге асырылады.

Шанақта адамдарды тасымалдау

5. Жолаушылар тасымалдау үшін пайдаланылатын борттық платформасы бар жүк автомобилі еденнен отыз-елу сантиметр биіктікте және борттың жоғарғы шетінен кемінде отыз сантиметр қашықтықта бекітілген отырғыштармен жабдықталады, ал балаларды тасымалдау кезінде, бұдан басқа, борттардың биіктігі еден деңгейінен кемінде сексен сантиметр болуға тиіс. Артқы немесе бүйір борттар бойымен орналасқан отырғыштардың берік арқалықтары болуға тиіс.

Оқу КҚ, велосипед, ат арба

6. Көлік жүргізуге үйрету үшін пайдаланылатын және оқу ұйымына тиесілі механикалық көлік құралы ілініс пен тежегіш жетегінің қосымша педальдарымен, «Оқу көлік құралы» таныту белгісімен жабдықталуға тиіс, мұндай көлік құралының бүйір және артқы беттеріне мемлекеттік тілде «Оқу көлік құралы» деген жазу салынады.

7. Велосипедтің жарамды тежегіші, рөлі және дыбыс сигналы болуға тиіс, алдынан ақ түсті жарық қайтарғышпен және шаммен не фарамен (тәуліктің қараңғы уақытында және көрінудің жеткіліксіз жағдайларында жүру үшін), артынан — қызыл түсті жарық қайтарғышпен немесе шаммен, ал әрбір бүйір жағынан — сарғылт не қызыл түсті жарық қайтарғышпен жабдықталады.

8. Ат арбаның конструкциясында көзделген жарамды тұрақ тежегіш құрылғысы және кері кетуге қарсы тіреуіштері болуға тиіс, алдынан екі жарық қайтарғышпен немесе ақ түсті шаммен (тәуліктің қараңғы уақытында және көрінудің жеткіліксіз жағдайларында жүру үшін), артынан — екі жарық қайтарғышпен немесе қызыл түсті шаммен жабдықталады.