Таныту белгілері
9. Көлік құралдарында таныту белгілері орнатылуға тиіс:
- Автопойыз
- Кабина төбесінде көлденең орналасқан, араларындағы аралықтары 150–300 мм үш сарғылт шам — тіркемелері бар жүк автомобильдері мен доңғалақты тракторларда (1,4 және одан жоғары класты), буындалған автобустар мен троллейбустарда. Ішкі жарықтандыруы бар, қабырғасы 250 мм сары тең қабырғалы үшбұрышқа жол беріледі.
- Шиптер (жүргізушінің қалауы бойынша)
- Төбесі жоғары қараған, қызыл жиегі бар, қара «Ш» әрпі жазылған ақ тең қабырғалы үшбұрыш (қабырғасы кемінде 200 мм, жиегі қабырғаның 1/10 бөлігі) — шипті доңғалақтары бар КҚ артында.
- Балаларды тасымалдау
- Қызыл жиегі бар сары шаршы (қабырғасы кемінде 250 мм, жиегі қабырғаның 1/10 бөлігі), 1.21 белгісінің қара нышанымен — балалар топтарын тасымалдау кезінде автобустар мен жүк автомобильдерінің алдында және артында.
- Есту қабілетін толық жоғалтқан жүргізуші
- Диаметрі 160 мм сары шеңбер, ішінде төбесі төмен қараған ойша үшбұрыштың бұрыштары бойынша орналасқан диаметрі 40 мм үш қара шеңбер — сөйлеу және есту қабілетін не есту қабілетін толық жоғалтқан жүргізушілер басқаратын КҚ алдында және артында.
- Оқу көлік құралы
- Төбесі жоғары қараған, қызыл жиегі бар, қара «У» әрпі жазылған ақ тең қабырғалы үшбұрыш (қабырғасы кемінде 200 мм) — көлік жүргізуге үйрететін КҚ алдында және артында; жеңіл автомобиль төбесіне екі жақты белгі орнатуға жол беріледі.
- Жылдамдықты шектеу
- Рұқсат етілген жылдамдық көрсетілген 3.24 белгісінің кішірейтілген түрлі-түсті бейнесі (диаметрі кемінде 160 мм) — ауыр салмақты және ірі габаритті жүктерді тасымалдайтын КҚ шанағының артқы жағында сол жақта, сондай-ақ техникалық ең жоғары жылдамдығы Қағидалардың 10.3-тармағында айқындалғаннан төмен болғанда.
- Қауіпті жүк
- Жарық қайтаратын, өлшемі 300×400 мм сарғылт тікбұрыш, қара жиегі 15 мм және жүктің қауіпті қасиеттерінің белгілеулері бар — осындай жүктерді тасымалдайтын КҚ алдында және артында.
- Ірі габаритті жүк
- Өлшемі 400×400 мм қалқанша, диагональ бойынша ені 50 мм қызыл-ақ жолақтары және жарық қайтаратын беті бар — жүктің алдында, артында және бүйірінде.
- Ұзын өлшемді көлік құралы
- Ені 40 мм қызыл жиегі бар, өлшемі кемінде 1200×200 мм сары жарық қайтаратын тікбұрыш — ұзындығы 20 метрден асатын (бір тіркемесін қоса алғанда) КҚ және екі және одан көп тіркемесі бар автопойыздардың артында. Мұндай өлшемдегі белгі сыймаса, білікке симметриялы түрде өлшемі кемінде 600×200 мм екі белгі орнатылады.
- Мүгедектігі бар адам
- Қабырғасы 150 мм сары шаршы, 7.17 белгісінің қара нышанымен — бірінші және екінші топтағы, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты бұзылған үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар басқаратын немесе оларды тасымалдайтын КҚ алдында және артында.
- Электромобиль
- Қабырғасы 150 мм жасыл шаршы, 7.22 белгісінің қара нышанымен — электромобильдердің артында.
- Газбаллон жабдығы бар автомобиль
- Төбесі жоғары қараған, қара жиегі, леп белгісі және «GAZ» сөзі бар сары тең қабырғалы үшбұрыш (қабырғасы кемінде 200 мм) — газбаллон жабдығы бар КҚ артында.
- Дәрігер (жүргізушінің қалауы бойынша)
- Қабырғасы 140 мм көк шаршы, ішінде диаметрі 125 мм ақ шеңбер және қызыл крест (биіктігі 90 мм) — жүргізуші-дәрігер басқаратын автомобильдің алдында және артында.